Қазақстанда және шетелде күндізгі бөлімде оқитын студенттер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінде жеңілдікті санатқа жатады. Олар үшін жарналарды мемлекет төлейді.
Қазақстанда білім алатын студенттерге мәртебе Ұлттық білім беру деректер қоры немесе Жоғары білімнің бірыңғай платформасы арқылы берілетін мәліметтер негізінде тағайындалады. Ақпарат оқу орнынан тікелей түседі.
Шетелде оқитын студенттер eGov.kz порталы арқылы «Шетелде оқитын студенттерді тіркеу» қызметін пайдаланып, өтінішті өздері беруі қажет. Құжаттар дұрыс тапсырылған жағдайда мәртебе 10 жұмыс күні ішінде беріледі.
Мәртебе берілмеген немесе жоғалған жағдайда Қазақстанда оқитын студенттер өз оқу орнына жүгінуі керек, ал шетелде оқитындар әр семестрден кейін eGov.kz арқылы оқуын уақтылы растауы тиіс.
Оқуды аяқтаған немесе оқудан шығарылған кезде студент жеңілдікті санаттан шығарылады. Мұндай жағдайда мәртебені ресми жұмысқа орналасу арқылы немесе МӘМС жарналарын өз бетінше төлеу арқылы сақтауға болады.

Қараулар: 43












