Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры халықты ақпараттандыру және МӘМС жүйесіндегі мәртебені тексеруді қолжетімді ету мақсатында екінші деңгейлі банктермен бірлескен жұмысты күшейтіп жатыр.
Банк қосымшалары олардың кең таралуына, ыңғайлылығына және төлемді қосымша ішінде бірден жасау мүмкіндігіне байланысты таңдалған.
МӘМС мәртебесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жүйеде төлем өткізіп алған клиенттерге push-хабарламалар жіберу сервисі іске асырылуда.
Бұл сервис азаматтарды сақтандырылған мәртебесінен айырылу қаупі туралы дер кезінде хабардар етіп, МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек алу құқығын сақтау үшін қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік береді.
Маусым айында осы сервисті енгізу бойынша «Kaspi Bank» АҚ-мен меморандумға қол қойылды. Қазіргі уақытта тараптардың ақпараттық жүйелерін біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде бұл сервис үш банкте іске қосылған:
- «Еуразиялық Банк» АҚ;
- «Қазақстан Халық Банкі» АҚ;
- «Фридом Банк Қазақстан» АҚ.
Хабарламалар ай сайын келесі үш санаттағы азаматтарға жіберіледі:
- сақтандырылмаған тұлғаларға;
- келесі айда сақтандырылған мәртебесі аяқталатын азаматтарға;
- өткен ай үшін төлемі жоқ тұлғаларға.
Жобаның негізгі мақсаты – МӘМС төлеушілерінің құқықтарын қорғау, сақтандыру мәртебесі туралы уақытылы ақпарат беру және медициналық көмекке үздіксіз қолжетімділікті қамтамасыз ету.

Қараулар: 40












