Уәлиханов аудандық ауруханасы кәмелетке толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алу бойынша кешенді және жоспарлы түрде жұмыс жүргізуде.
Бұл бағыттағы шаралар жыл сайын ұйымдастырылып, жасөспірімдерге де, олардың ата-аналарына да арналған ақпараттық кездесулерді қамтиды. Аудан мектептерінде акушер-гинекологтар, акушерлер және мектеп медбикелерінің қатысуымен сынып сағаттары өткізіледі. Мамандар оқушыларға репродуктивті денсаулық, қыз бала ағзасының анатомиялық ерекшеліктері, жеке гигиена, етеккір циклі және ерте жыныстық қатынастың салдары туралы түсіндіреді.
Жасөспірім қыздарды жоспарлы медициналық тексеру кезінде дәрігерлер жыныстық жетілу мен ерте және жоспарланбаған жүктіліктің алдын алу тақырыптарында жеке түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.
2024–2025 жылдары ерте жүктілік жағдайлары тіркелмеген.
Аурухана жанынан ашылған «Денсаулық мектебінде» репродуктивті денсаулық пен ерте жүктіліктің алдын алу бойынша 40 әңгіме өткізіліп, 110 тыңдаушы қамтылды, сондай-ақ 10 дәріске 230 адам қатысты.
Сонымен қатар келесі тақырыптарда Ашық есік күндері өткізілді:
🔹 Репродуктивті денсаулық;
🔹 Отбасын жоспарлау;
🔹 Ерте жүктіліктің алдын алу.
Аурухана ақпараттық — ағартушылық жұмысты да белсенді жүргізуде. Мекеменің ресми парақтары мен сайтында аталған тақырыптар бойынша бейнероликтер мен инфографика жарияланған.
Сондай-ақ келесі іс-шаралар өткізілді:
— «Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясында» ата-аналар жиналысында лекция;
— «Кішкенекөл №1 орта мектебінде» ата-аналармен кездесу;
— «Уәлиханов ауыл шаруашылығы колледжінің» студенттерімен кездесу;
— Instagram-дағы ресми парақшада тікелей эфир.
Уәлиханов аудандық ауруханасы репродуктивті денсаулықты сақтау және жас ұрпақтың амандығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмысын алдағы уақытта да жалғастырады.
Қараулар: 61